Дарынды шәкірт – білікті ұстаздан
2022 жылдың 24 ақпан күні Қанипа Бітібаева атындағы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен республикалық олимпиаданың облыстық кезеңі өткізілді. Олимпиаданың негізгі мақсаты мен міндеттері – оқушылардың қазақ тілі мен әдебиеті бойынша білімдерін жетілдіру мен тереңдету, патриотизмді, азаматшылдықты дамыту, ұлттық мәдениетке, дәстүрлерге деген құрметті дәріптеу болып табылады. Сонымен қатар, оқушылардың зияткерлік және шығармашылық қабілеттерін дамыту.
2 кезеңнен құралған олимпиадада оқушылар ұсынылған тақырыптар бойынша эссе жазып, өз көзқарастарын көрсетті. Бірінші кезең бойынша эссенің мазмұны, құрылымы, тіл шеберлігі, тілдік сауаттылығына назар аударылса, екінші кезеңде оқушылар тест тапсырмаларын орындау арқылы бағаланды.
«Халықты халықпен, адамды адаммен теңестіретін - білім» деп М. Әуезов атап көрсеткеніндей, осы олимпиадаға Ақмола облысы Бурабай ауданы Щучинск қаласының №9 мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы Уазирова Айғаным (жетекшісі Сапарбекова Б.М) қатысып, жүлделі І орынды иеленді. Жас өркеннің бойындағы табиғат берер ерекше қабілетті, дарындылықты тани білу, оның ары қарай дамуына бағыт-бағдар бере білу ерекше қиын да қызықты іс.Әр баланың жеке қабілетін анықтап, оны сол бағытта жетелеп жүрген ұстазы қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Сапарбекова Балдықыз Мұсақұлқызының еңбегі ұшан теңіз. Баланы заман талабына қарай көрегендікпен икемдеп, өз заманының озық өнегесін санасына сіңіре білген, оларды шығармашылық бағытта жан-жақты дамытып, білім нәрімен сусындатқан еңбегіңізге мың алғыс!